Оралда әйелдер мен балаларға көрсетілетін медициналық қызметтің өзекті мәселелері талқыланды

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен хабарлағанындай, конференция жұмысына бірінші басшылардың медициналық көмекті ұйымдастыру бойынша орынбасарлары, дәрігер акушер-гинекологтар, жалпы тәжірибе дәрігерлері, отбасылық денсаулық орталықтарының меңгерушілері, денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас мамандары қатысты.
Жиында әйел тұрғындарды, әсіресе, бала тууға қабілетті жастағыларды диспансеризациялау мәселесі талқыланды. Конференцияға қатысушылар ҚР ДСМ-нің 2012 жылғы 3 шілдедегі «Бала тууға қабілетті жастағы әйелдерді диспансеризациялау» туралы №452 бұйрығын тиімді енгізу қажеттігі туралы тоқтамға келді.
Конференцияда жасөспірім қыздардың репродуктивті денсаулығы, тұмауға қарсы жүкті әйелдерге вакцинация жүргізу, алдын ала диагноз қою, түптеп келгенде, әйелдер мен балалардың денсаулығын нығайту, ана мен сәбидің өлім-жітіміне жол бермеуге баса назар аударылды.
Жиынға қатысушылар акушерлік-гинекологиялық қызметті ұйымдастыру бойынша өз білім-біліктерін жетілдірді.