Оралда ажырасуға арыз берген әйелінің интимдік суреттерін таратқан тұрғын сотталды

суд, судья, сот
Фото: freepik.com

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қалалық сотында ҚР ҚК 194-бабы 1-бөлігі (бопсалау) және 147-бабы 5-бөлігі (жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу) бойынша айыпталған А-ға қатысты қылмыстық іске нүкте қойылды.

БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, А. аталған баптарға сәйкес айыпты деп танылып, ол 3 жыл 2 айға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды.

Сот талқысында анықталғанындай, сотталушы А. мен Б. заңды некеде тұрған. Бірге өмір сүрген уақытта Б. Whatsapp мессенджері арқылы күйеуі А-ның өтініші бойынша оған интимдік сипаттағы фотосуретті өз еркімен жіберген.

«Кейінірек араларындағы келіспеушіліктерді ескере отырып, Б. сотқа некені бұзу туралы арыз берген кезде, оған А. келіспеген. Сөйтіп Б-ны масқара ететін интимдік сипаттағы фотосуреттерін таратамын деп қорқытып, одан ақша талап ете бастаған. Ақыры А. өзінің ұялы телефонынан Б-ның әкесінің ұялы телефонына, сондай-ақ Whatsapp мессенджеріндегі жалпы топқа одан бұрын алынған интимдік сипаттағы фотосуреттерді жіберген. Осылайша, Б-ның жеке өмірі туралы құпия мәліметтерді оның келісімінсіз таратқан», деп хабарлады ведомстводан.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жарылыс болған кафені жалға алушыға қатысты үкім шыққанын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram