Оралда балабақшада шкафтың құлауына байланысты тәрбиеші жауапқа тартылды

Оралдағы шкаф құлаған балабақша
Фото: instagram парақшасынан

ОРАЛ. KAZINFORM - Оралда балабақшада шкафтың құлауына байланысты тәрбиеші жауапқа тартылды.

Орал қаласы білім беру бөлімінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 1 ақпан күні «Сәби» жеке бөбекжайында тәрбиеленушілер ойнап жүрген кезде бөлмедегі шкаф құлаған.

Салдарынан балалар мен олардың жанында болған тәрбиеші зақым алды.

«Болған жағдайға байланысты зерделеу жүргізілді. Топ тәрбиешісіне қызметтік міндетін тиісті деңгейде атқармай, балалардың өмірі мен денсаулығына зақым келуіне жол бергені үшін қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза берілді», деп хабарлады ведомстводан.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиға орнында тәртіп сақшыларының да болғанын, оқиғаның жай-жапсары анықталып жатқанын жеткізді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда балабақшада шкаф құлап, төрт бүлдіршін мен тәрбиешінің жарақат алғанын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар