Оралда балкон өртеніп, 25 адам эвакуацияланды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында тұрғын үйдегі өрттен 25 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оралда балкон өртеніп, 25 адам эвакуацияланды

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен алынған мәліметке қарағанда, кеше кешкісін сағат 21.24-те «Құрылысшы» шағынауданы №19 үйде өрт болып жатқаны жөнінде хабар түскен.

Өрт сөндірушілер жеткенде, 9 қабатты үйдің балконында жеке заттар мен терезе жақтауы жанып жатқаны анықталды. Өрт аумағы 12 шаршы метрді қамтыды.

Өрт сөндіру барысында 25 адам эвакуацияланса, соның үшеуі - балалар.

«Тілсіз жауды» ауыздықтауға жеке құрамнан 8 адам, 2 техника жұмылдырылды. Өрт 22.20-да сөндірілді.

Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, келтірілген шығын, кінәлі адамдар анықталуда.