Оралда балмұздақтан ішек жұқпасы анықталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда балмұздақтан алынған сынамадан ішек жұқпасы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оралда балмұздақтан ішек жұқпасы анықталды

БҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаменті азық-түлік нысандарын санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы Эльвира Төлеуованың айтуынша, ішек жұқпасын жұқтырудың негізгі жолдарының бірі тамақ өнімдері болып отыр. Соның ішінде балмұздақ, әсіресе, балалар үшін қаупі жоғары өнімдер қатарына кіреді.

Тұрғындар арасында ішек жұқпасының таралуына жол бермеу мақсатында жұмсақ балмұздақ өндіретін 17 нысанға жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Соның нәтижесінде үй жағдайында жасалған жұмсақ балмұздақтың екі сынамасынан ішек жұқпасы анықталды. Осыған орай аталмыш нысандағы заңды тұлғаға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 425-бабы 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды. Үй жағдайындағы жұмсақ балмұздақ дайындау қызметін тоқтату туралы қаулы шығарылды. Материал БҚО экономикалық сотына қарау үшін жолданды.

Осыған орай БҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаменті балмұздақты сатып алған кезде оның дайындалу мерзіміне, сапа белгісіне назар аудару, көшедегі сауда нүктелерінен алмау қажеттігін ескертеді.

Айта кетейік, облыста тұрғындардың өткір ішек жұқпасымен ауыру көрсеткіші өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 1,2 есеге өскен. Негізінен ауру 14 жасқа дейінге балалар арасында тіркелуде, мұндағы өсім - 32,4 пайыз. Сонымен қатар сальмонеллез дерті 1,1 есеге көбейіп отыр.