Оралда байдарка мен каноэдан жарыс өтуде
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда байдарка мен каноэда ескек есуден жасөспірімдер арасында ҚР «Қайық» федерациясының кубогы үшін жарыс өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған кубок сайысына Алматы, Атырау, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарының жас ескекшілері қатысуда.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Асқар Есімовтің айтуынша, аталмыш жарыстың Ақ Жайық жерінде өтуі тегін емес. Мұнда олимпиадалық ойын түрі болып есептелетін ескек есу спортының жақсы дәстүрі қалыптасқан.
Александр Акунишников 1986 жылы әлем чемпионы атанса, қазіргі таңда оның шәкірттері Алексей Дергунов пен Андрей Ергучев халықаралық жарыстарда олжа салып жүр. Үш бірдей олимпиадаға қатысқан А.Дергунов Азия чемпионы атанса, Рио олимпиадасында бақ сынаған А.Ергучев Азия ойындарының жеңімпазы болып үлгерді. Олардың соңынан ізбасарлары да өсіп келеді.
2017 жылы ескек есуден Оралда Қазақстан ІV жастар ойындары өтсе, алдағы жылы ел біріншілігін ұйымдастыру көзделуде.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаеваның сөзіне қарағанда, өңір ескекшілері қажетті құрал-жабдықтармен жасақталған. Болашағынан үміт күттіретін жас ескекшілер республикалық мектеп-интернат, колледждерге алынуда. Енді ескекшілердің қыс кезінде де жаттығуына жағдай туғызу мақсатында қам жасалуда.
Айта кетейік, кубок жарысы 28 шілдеде мәреге жетеді.