Оралда белгілі бапкерді еске алуға арналған турнир өтті
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында грек-рим күресінен 2001-2003 жылғы жасөспірімдер арасында Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мұрат Жұмашевті еске алуға арналған республикалық турнир мәреге жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырған жарысқа Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарынан 250-ге жуық спортшы қатысып, бақ сынады.
Турнирге мейман ретінде М.Жұмашевтің ұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, грек-рим күресінен Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері Серік Жұмашев арнайы келді.
Жарыс қорытындысында салмақ дәрежелері бойынша Арман Иванов (35 кг, Ақтөбе), Жандарбек Елекенов (38 кг, Орал, спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты) Арман Сейткәрімов (42 кг, ОҚО), Данияр Зияхметов (46 кг, БҚО, Теректі ауданы), Шақабас Мұсаев (50 кг), Омар Сатаев (54 кг, екеуі де ОҚО-дан), Досжан Өтепқалиев (58 кг, Орал, спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты), Жүсіп Әбдуәлиев, 63 кг, Ақтөбе), Әбдінәзім Қарабаев (69 кг), Мейірбек Әбдуталипов (76 кг, екеуі де ОҚО-дан), Жансұр Хамидуллин (+76 кг, Орал, спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты) чемпион атанды.
Айта кетейік, бұл турнирде үшінші орынға іліккендер спорт шеберлігіне үміткер атанады.
«Мұрат Жұмашев өңірімізде грек-рим күресінің таралуына мол еңбек сіңіріп, көптеген шәкірттер тәрбиеледі. Алғашқылары қатарында КСРО спорт шебері Қанат Ғалиев, Мұрат Амандықов, Сағидолла Әбішевті атауға болады. Сосын өзінің ұлы Серік Жұмашев, бізден кейін Жасұлан Мақсотов, Алмаз Салхаев, Айбек Мардановтар Қазақстанның спорт шебері атанды», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне кезінде Мұрат Жұмашевтің баулуымен грек-рим күресінен жастар арасында әлем чемпионы атанған, қазір өзі де шәкірт тәрбиелеп, БҚО жасөспірімдер құрамасының аға бапкері қызметін атқарып жүрген Артур Үмбетқалиев.