16:04, 17 Қаңтар 2019 | GMT +5
Оралда белгілі дәрігер жол апатынан көз жұмды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда белгілі дәрігер-гинеколог Александра Ненашева жол апатынан кейін көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, жол-көлік оқиғасы 15 қаңтар күні М.Мәметова мен К.Меңдәлиев көшелерінің қиылысында орын алды.
Шамамен сағат 12.10-да «Лада Калина» көлігінің жүргізушісі 1955 жылғы жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Әйел облыстық ауруханаға жеткізілгенімен, алған жарақаттары салдарынан көз жұмды.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес (абайсызда адам өліміне соқтырған жол ережесін бұзу) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
А.Ненашева Оралдағы медицина мекемелерінде, соңғы кезде облыстық перинаталдық орталығында гинеколог ретінде қызмет етті.
Марқұм бүгін жерленді.
Дәрігерді білетіндер, курстастары оның білікті маман болғандығын айтып, әлеуметтік желіде көңілдерін білдіруде.