Оралда белгілі пианист Саида Қалықова шығармашылық концертін өткізді

ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Оралда белгілі пианист, халықаралық конкурстардың лауреаты, музыка академигі, «Жаншуақ» сыйлығының иегері, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Саида Қалықова жеке шығармашылық концертін қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оралда белгілі пианист Саида Қалықова шығармашылық концертін өткізді

Қазіргі таңда Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясында қызмет атқаратын Саида Қалықованың А.Островский атындағы облыстық орыс драма театрында өткен «Асыл қалам» атты кешіне халық көп жиналды.

Концертті облыс әкімі Алтай Көлгінов те тамашалады.

Қос жанарынан айырылса да, музыка саласында тынбай еңбек етіп келе жатқан ерекше дарын иесі концерт барысында Людвиг ван Бетховеннің әйгілі №10 сонатасы, Фредерик Шопеннің «Бесік жыры» фантазия-экспромты, француз композиторы Клод Дебюссидің «Ай сәулесі», Александр Алябьевтің «Бұлбұлы» сынды классикалық шығармаларды әдеттегідей нотасыз орындады. Сонымен қатар С.Қалықова  бұл жолы композиторлық қырымен де танылды. «Мираж» және «Самұрық құс» атты туындыларын оралдық флейта шебері, мәдениет саласының үздігі Владимир Баяндинмен бірге көпшілік назарына ұсынды. Оның «Туған жерім», «Көлдегі таң», Италия елі мен сондағы жора-жолдастарына арнаған «Ноктюрн» шығармалары да көрермендер көңілінен шықты.

null 

Еліне, туған жеріне келген Саида бірнеше мекеме-ұйымда болып, жерлестерімен кездесу де өткізді.

Айта кетейік, Орал қаласында туып-өскен Саида Қалықова тоғыз жасында қос жанарынан айырылса да, музыканы жанына серік етті. 13 жасында туған қаласында тұңғыш шығармашылық концертін қойған жас дарын Оралдағы Құрманғазы атындағы музыка колледжін, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетін фортепиано класы бойынша үздік тәмамдады. Кейін «Болашақ» бағдарламасы арқылы Италияның Луиджи Керубини атындағы консерваториясында білім алды. Саидаға анасы Сәуия Жайымқызы үнемі қасында болып, қолдау көрсетіп келеді.

null 

С.Қалықова - «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атанған үш батысқазақстандықтың бірі.

null