Оралда белгісіз біреу тұрғынды тонап, автокөлігін алып кеткен
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда белгісіз біреу тұрғынды тонап, автокөлігін алып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Нұрғожиннің мәлім еткеніндей, 1983 жылғы ер адам өзіне қарақшылық шабуыл жасалғаны жөнінде шағым түсірген.
Белгісіз біреу күш қолданып, оның телефонын, ақшасын тартып алған. Сосын оның «SUBARU OUTBACK» автокөлігінің руліне отырып, оқиға орнынан бой тасалаған.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 191-бабы 2-бөлігіне (кісі тонау) сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
Жәбірленуші келтірілген залал мөлшерін 7 млн 850 мың теңге көлемінде бағалады.
«Сол бойда жедел іздестіру іс-шаралары жүргізіліп, 1985 жылғы күдікті анықталып, ұсталды. Ол автокөлікті сатып үлгермеген. Көлік иесіне қайтарылды», деді ҚазАқпарат тілшісіне Б.Нұрғожин.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда дәріханада заңсыз қызмет әшкереленіп, 700 мың теңгенің тауары тәркіленгенін жазған болатынбыз.