Оралда Білім және ғылым министрінің қатысуымен жаңа мектеп ашылды

 ОРАЛ. 4 желтоқсан. ҚазАқпарат - 4 желтоқсан күні Орал қаласындағы «Жұлдыз» шағынауданында Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында 1200 орындық №37 орта мектеп ғимараты ашылды.

Оралда Білім және ғылым министрінің қатысуымен жаңа мектеп ашылды

Аталмыш мектептің ашылу салтанатына ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.

«Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің адами капиталын дамытудың қажеттілігі мен маңыздылығына ерекше көңіл бөліп, өзінің жыл сайынғы Жолдауларында білім беру жүйесін одан әрі реформалауға жан-жақты қолдау көрсетуде», деп атап көрсетті облыс басшысы өз сөзінде.

Мектеп ғимараты 1200 оқушыға арналған, 3 қабатты, 5 блоктан тұрады. Оқу кабинеттерінің саны - 63, физика, химия, биология, география кабинеттерінің қосымша зертханалары бар. Барлығы да заманауи жаңа технологиялық үлгіде салынып және жаңа үлгідегі құралдармен жабдықталған. Физика, биология, химия, мультимедия, информатика кабинеттерінің зертханалық бөлмелері бөлек салынған. 8 интерактивті тақта, 4 лингафондық кабинет қарастырылған. Сонымен қатар спорт залы, 50 орынға арналған оқу орны бар кітапхана, алғашқы әскери дайындық пәні кабинеті және 400 орынға арналған асхана, 380 орынға арналған акт залы бар.

Психологиялық көмек көрсететін психолог кабинеті, медициналық қызмет көрсететін кабинеттер және логопедиялық кабинет бар.

50 педагог қызмет жасайды, оның төртеуі - жоғары, 20-сы - бірінші, 15-і - екінші санатты. Мектепке 30 сынып жиынтығына 767 оқушыны қабылдау жоспарланып отыр, оның 437-сі бастауыш, 330-ы - орта және жоғарғы сынып оқушылары.

Құрылыстың мердігері «Жайықсельстрой» ЖШС (директоры Ерденбек Рахметов) өз қызметтерін ойдағыдай атқарды.

Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов мектептің іші-сырты бірдей келіскен сәнді ғимарат екендігін, енді ондағы білім сапасы да заман талабына сай болуы керектігін атап көрсетті. Білім ордасына жаңа «УАЗ» автокөлігі табыс етілді.