Оралда бір күнде екі көп қабатты үй пайдалануға берілді

Зашаған кентіндегі «Көктем» шағынауданында 500 пәтерлік, бес қабатты тұрғын үй кешені бой көтерді. Оны «Марасант» ЖШС бір жылда салып бітірді. Пәтерлердің жалпы алаңы - 24 911,8 шаршы метр.
Сол секілді Д.Қонаев атындағы шағынауданда 171 пәтерлік тоғыз қабатты үй де іске қосылды. Бұл ғимараттың мердігері «СВ плюс» ЖШС құрылыс жұмыстарын 2014 жылдың қарашасында бастаған болатын. Пәтерлердің жалпы алаңы - 10 449,18 шаршы метр.
Қос тұрғын үй де «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымы» АҚ-ның тапсырысына сәйкес салынды. Пәтерлер жергілікті атқарушы органдарда санаттар бойынша тұрғын үй кезегінде тұрғандарға кейін сатып алу құқығымен аталмыш АҚ-ның бағдарламасы бойынша жалға беріледі.
Тұрғындардың қуанышына ортақтасып, мердігер компанияларға алғысын білдірген өңір басшысының атап өткеніндей, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы тойланған жылда облыста барлығы 1500 пәтер пайдалануға беріліп отыр. Мұның бәрі - Елбасының, мемлекеттің қолдауының арқасы. «Нұрлы жол» бағдарламасы халықты тұрғын үймен қамтуды, жол салып, инфрақұрылым тартуды, сәулетті нысандар тұрғызып, қала мен елді мекендерді абаттандыруды, жаңа жұмыс орындарын ашуды көздейді. Бүгін бір күннің ішінде 670 пәтер өз иелерін тапты. Жаңа баспаналар алты санат бойынша кезекте тұрғандарға берілді. Олардың арасында көп балалы отбасылар, жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырғандар және басқалар бар.
Алтай Көлгінов бірқатар жаңа пәтерлерде болып, тұрғындарға «құтты болсын» айтып, көрімдігін берді.
Айта кетейік, облыстық құрылыс басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, биылғы он бір айда барлық қаржыландыру көздерінен 234,3 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылды, бұл өткен жылғыдан 16 пайызға артық. Келесі жылы жеті көппәтерлік тұрғын үй құрылысы жалғасады.