Оралда бір күнде екі өрт оқиғасы тіркелді
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Кеше Орал қаласында тұрғын үйде қос бірдей өрт оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ТЖ департаменті өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінен алынған мәліметке қарағанда, сағат 18.20-да Мұхит көшесі 78/1 мекенжайында көп қабатты үйдегі пәтердің жанып жатқаны жөнінде хабар түскен. Өрт сөндірушілер келіп жеткен мезгілде бес қабатты үйдің бірінші қабатында отқа оранған пәтерден алдымен көршілердің 1958 жылғы әйелді ес-түссіз күйінде алып шыққаны белгілі болды. Өрт сөндірушілер шұғыл іске кірісіп, оқиға орнынан 1957 жылғы азаматты тауып, оны жедел жәрдем бригадасына тапсырды. Жоғары қабаттардағы пәтерлерден 30 адам (бесеуі - бала) көшірілді.
Сағат 18.56-да өрттің беті қайтып, 19.52-де толықтай сөндірілді. «Тілсіз жауды» ауыздықтауға 13 адам, бес техника жұмылдырылды. Өрт салдарынан 1957 жылғы ер адам қаза тауып, 1958 жылғы әйел облыстық клиникалық ауруханаға жатқызылды. Өрт аумағы 50 шаршы метрді құрады.
Кеше сондай-ақ сағат 21.20-да А.Матросов көшесі 170, 14-пәтерінде жеке заттардың жанып жатқаны жөнінде хабар түскен. Мұнда бесінші қабаттағы пәтер жанған. 18 адам (төртеуі - бала) көшірілді. 4 шаршы метр аумақты қамтыған өрт сағат 21.59-да сөндірілді. 12 адам, 4 техника жұмылдырылған бұл өрттен ешкім зардап шеккен жоқ.
Қазіргі кезде өрттердің шығу себептері, келтірілген шығын, кінәлі адамдар анықталуда.
Айта кетейік, Орал қалалық ТЖ басқармасынан алынған мәліметке қарағанда, биылғы тоғыз айда шаһар аумағында 206 өрт тіркелсе, соның 114-і тұрғын үйде болған. Өрт салдарынан 4 адам көз жұмып, 9-ы түрлі жарақат алған еді.