Оралда бір күнде екі сауда үйінде өрт шықты

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда бір күнде екі сауда үйінде өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оралда бір күнде екі сауда үйінде өрт шықты

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, оқиға 15 маусым күні сағат 18.12-де Құрманғазы көшесі, 152-мекенжайында 9 қабатты үйде орналасқан «Школьник» сауда үйінде болды.

Сауда үйінің бірінші қабатындағы қосалқы ғимаратта электр қалқандағы кабельдер (3 шаршы метр) жанды.

Баспалдақ сатысымен 24 адам эвакуацияланды, оның төртеуі – балалар.

Зардап шеккендер жоқ.

Тілсіз жау ТЖ департаментінің күшімен (35 адам, 11 техника) сағат 19.00-де толықтай жойылды.

Тағы бір осындай оқиға Д.Нұрпейісова көшесі 17/1-мекенжайында орналасқан 2 қабатты «Атриум» сауда үйінде (жалпы ауданы 9358,9 шаршы метр) тіркелді.

Екінші қабатта сағат 15.06-да электр қалқаны мен кабельдер (мұның да аумағы 3 шаршы метр) өртенді.

Сауда үйінің қызметкерлері мен келушілер өздері шығып үлгерген.

Өрт ТЖ департаментінің күшімен (59 қызметкер, 19 техника) сағат 16.07-де сөндірілді.

Қазіргі кезде өрттердің шығу себебі, келтірілген шығын анықталу үстінде.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда полицейлер аударылған автокөліктен үш адамды шығарып үлгергенін , автокөліктін мотоциклмен жүрген екі жасөспірімді қағып кеткенін жазған болатынбыз.