Оралда бірнеше адам суға кетуден аман қалды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда өткен демалыс күндері бірнеше адам суға кетуден аман қалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оралда бірнеше адам суға кетуден аман қалды

Қала тұрғыны Руслан Қисамбаевтың мәлім еткеніндей, 5 тамыз күні шамамен сағат 20.45-те Оралға қарасты Коминтерн ауылындағы Жайық өзенінің жағалауында тосын оқиға болды. Өзін Наурызбай деп атаған L010BA автокөлігінің жүргізушісі екі-үш минуттың ішінде қатты ағыспен алыса жүріп, суға кетіп бара жатқан Бибігүл есімді қызды құтқарып қалды. Жағалауға шығарып, алғашқы көмегін көрсетті. Қыз есін жиғаннан кейін құрбыларымен бірге кетті. Жағажайдағы жұрт Наурызбайдың ерлігі үшін алғысын жаудырды. Бұл кезде жағажайда құтқарушылар болған жоқ.

БҚО ТЖ департаменті жедел құтқару жасағы бастығының жедел жұмыстар жөніндегі орынбасары Рашид Нұрғалиевтің айтуынша, Коминтерндегі жағажайда арнайы бекет жоқ, онда еріктілер жұмыс жасап, тосын оқиға болса хабарлайды. Қалада бұрынғы «Металлист» зауыты ауданында, қалалық мәдениет және демалыс саябағында, Стелла маңында ғана бекет бар. 6 тамыз күні сағат 17.45 шамасында «Самал-3» шағынауданы маңында екі бала Шаған өзеніне кетіп қала жаздады. 2005 және 2008 жылғы екі баланы құтқарушылар аман алып қалды.

Суға түсу маусымы басталғаннан бері барлығы 18 адам құтқарылса, соның 9-ы - балалар. Өкінішке қарай, 4 адам суға кетсе, соның үшеуі кәмелетке толмағандар болып отыр.

Айта кетейік, өңірде соңғы күндері күн қатты ысып тұр.