Оралда биыл қайырымдылық Гранд балы кең ауқымда өтпекші

БҚО жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аян Сакошевтің өңірлік коммуникациялар қызметінде мәлім еткеніндей, қазіргі таңда облыс жастарының белсенділігін, олардың қоғаммен байланысын арттыру, бос уақытын тиімді өткізу мақсатында түрлі жобалар қолға алынып, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның бірі - облыс жастарын рухани қолдау, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету мақсатында дәстүрлі өткізіліп келе жатқан қайырымдылық Гранд балы.
Аталмыш Гранд балын ұйымдастырушылардың қатарындағы «Ақиқат» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Мерген Сүлейменовтің айтуынша, қайырымдылық көрсетумен қатар әр түрлі саладағы өңір жастарының басын қосатын шараға танымал журналистер мен елімізге белгілі шоу бизнес өкілдері шақырылмақ.
Жоба авторы Алпамыс Шаримовтің сөзіне қарағанда, қайырымдылық балына қатысушы дебютанттарға кастинг 3 қыркүйек күні қазақ драма театрында өткізілмек. Кастингке 18-29 жас аралығындағы кез келген жас мамандығына, кәсібіне қарамай қатыса алады. Іріктеуден өткен 100 жастың (50 жұп) бір ай бойы дайындықтары пысықталады. Оларға «Астана опера» театрының бас балетмейстері Досжан Табылды шеберлік сабағын өткізеді.
-Біз қайырымдылық балын өткізумен шектеліп қана қоймаймыз. Жоба аясында түрлі қайырымдылық, көпшілік шаралар ұйымдастырылмақ. Атап айтсам, 30 қыркүйек күні дебютанттардың қатысуымен «Жүректен жүрекке» әлеуметтік шарасы өткізілмек. Бұл шара аясында танымал тұлғалардың қатысуымен шалғайдағы ауылда тұратын әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға танымал эстрада жұлдыздарымен бірге арнайы сый-сияпат дайындап қойдық. Яғни, 100 дебютант кімге көмектескісі келетінін анықтайды. Сол арқылы біз адамдардың мекенжайларына «Қазпошта» АҚ арқылы тосын сый жібереміз. Екінші шарамыз 30 қыркүйек - 1 қазан күндері «Әр күнге махаббатпен» деген мотивациялық тренинг түрінде өткізіледі. Мастер-класта танымал тұлғалар өмірлік тәжірибелерімен, жетістікке жету жолдарымен бөлісетін болады. Қазір тренингке қатысатын тұлғалар тізімі бекітілді. Қазнетте танымал жұп Марлен мен Анель, мәнерлеп сырғанушы Денис Тен, журналист Ләйла Сұлтанқызы шараның құрметті қонағы болмақ, -деді А.Шаримов.
Сондай-ақ, биылғы шараға қатысушыларға киім үлгілеріне ерекше мән берілетіні айтылды. Балға кіру дресс-коды: қыз-келіншектерде кешкі көйлек, ер азаматтарда ақ көйлек пен қызыл көбелек болуы тиіс.
Сонымен қатар шараға танымал эстрада жұлдыздары Димаш Құдайберген, Жанар Дұғалова, Кәмшат Жолдыбаева, Ренат Ғайсин, арнайы кеш қонағы «Еуровидение-2011» жеңімпазы Эльдар Гасымов және басқа да өнер жұлдыздары келеді деп күтілуде. Кешті актер Асылхан Төлепов пен танымал тележүргізуші әрі актриса Гүлнар Селбаева жүргізетін болады.
Жобаның директоры, хореограф-балетмейстер Қарлығаш Қадырбекова аталмыш шара облыстық деңгейде емес, республикалық, тіпті халықаралық деңгейде өтетінін, осы шараға қатысуға ұсыныстар еліміздің өзге өңірлерінен және Ресей мен Қытай елдерінен түсіп жатқандығын жеткізді.