Оралда бос жұмыс орындарының кеңейтілген жәрмеңкесі өткізілді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Сейсенбіде Орал қаласындағы «Жастар» мәдениет үйінде бос жұмыс орындарының кеңейтілген жәрмеңкесі өтті. Оған Орал қаласынан 51 жұмыс беруші, «Домашний сервис» жеке агенттігі қатысып, 376 бос жұмыс орнын ұсынды.
None
None

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің ашылу шарасында сөз алған Орал қаласы әкімінің орынбасары Марс Сатыбалдиевтің айтуынша, Орал қаласы бойынша тұрғындарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу және жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Қала бойынша бүгінде 1343 адам (0,9 пайыз) жұмыссыз есебінде тіркелген. Биылғы жылдың өткен мерзімінде бес бос жұмыс орны жәрмеңкесі өткізіліп, 262 адам мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды.

«Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасының 1-бағыты бойынша №39 орта мектеп, №33 «Орленок» балабақшасы, көзі нашар көретін балаларға арналған мектеп-интернат ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Бұл үш нысанда 45 жаңа жұмыс орны ашылып, осы нысандардағы құрылыс жұмыстарына 13 адам жұмыспен қамту орталығының көмегімен жұмысқа тұрды.  Бағдарламаның 2-бағыты «Кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру» шеңберінде 54 адамға шағын кәсіпкерлікті дамытуға 158 млн. теңге қаражатқа сұраныс берілді. Өз ісін ашуға  ынталы 600 адамға түсінік-кеңес берілген. Кәсіпкерлікті кеңейту жобалары бойынша алты жеке кәсіпкерге 17,8 млн. теңге несие беріліп, 45 адамның несиелік   құжаттары жиналып,  «БҚО ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ға жолданған. Сонымен қатар бағдарламаның 3-бағыты «Жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу» бойынша 30 адам кәсіптік оқумен қамтылды. 10 адам көгалдандырушы мамандығына қайта даярлаудан өтіп, олардың 9-ы тұрақты жұмыс тапты. Қазіргі уақытта дербес компьютер операторы мамандығына жеті адам оқуда. Одан басқа 13 адам білімдерін жетілдіру және қайта даярлау курстарынан өтуде.

Биыл қала бойынша әлеуметтік жұмыс орындарын құруға 108 адамға 12 млн. 591 мың теңге қаражат бөлінген. Бүгінде 20 мекемедегі әлеуметтік жұмыс орындарына 35 адам жолданып, 31 мекемемен 61 адамға жасалған келісімшарттар мерзімі ұзартылды.  Жастар практикасын ұйымдастыруға 245 адамға 48 млн. 939 мың теңге қаражат бөлінген. Күні бүгінге 161 адам 85 мекемеге жастар практикасына жолданған. 126 жас маманмен жасалған келісімшарттар ұзартылған. Жастар практикасын аяқтаған 39 адамның 24-і немесе 61,5 пайызы тұрақты жұмысқа орналасқан.

Жәрмеңкеге қатысқан жұмыс берушілер негізінен электрик, слесарь, ұста, ағаш шебері, жүргізуші, барлық бағыттағы инженер, дәрігер, медбике және тағы басқа бос жұмыс орындарын ұсынды. Қаладағы төрт өндіріс орны - 33, бір құрылыс кәсіпорны - төрт, медициналық мекемелер - 124, төрт оқу орны  - 20, 19 жеке кәсіпорын 99 бос жұмыс орындарына, мемлекеттік мекемелер 11 мамандық бойынша жұмыс іздеушілерден түйіндеме қабылдады. Әлеуметтік жұмыс орындарына екі кәсіпорын 13 бос жұмыс орнын, жастар практикасына 10 ұйым-мекеме 40 орын ұсынды. Сонымен қатар 2014-2015 жылдары «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша несие алған 10 жеке кәсіпорын   жәрмеңкеге өз өнімдерін шығарды. Олардың ішінде тосол және антифриз өндірісі, аяқ киім тігу, наубайхана, жылыжай, темір бұйымдары цехтарының өнімдері көпшіліктің қызығушылығын туғызды.

Өңірдегі құрылыс индустриясының бетке ұстар компанияларының бірі «Батыс Қазақстан құрылыс материалдары корпорациясы» АҚ-ның жәрмеңкеге келген өкілін әңгімеге тартқанбыз. - Бізге электрмонтер, инженер-электроншы, слесарь киповшы, өндірістік орындарды жинаушы және өзгелері қажет. Әзірге 10  шақты адамнан түйіндеме қабылданды. Электрмонтерлердің кәсіби біліктілігіне (разрядына), тәжірибесіне қарай жұмысқа қабылдаймыз. Оларға еңбекақы сағатына қарай төленеді. Қазір зауыттың жұмысы қалыпты, - деді аталмыш компанияның кадрлар жөніндегі бөлімінің маманы Толқын Дүйсенова. Оның айтуынша, компания бұдан бұрын да осындай жәрмеңкеден өздеріне қажетті мамандарды  тапқан  көрінеді.

«Ақ барыс» ЖШС компаниясы бос жұмыс орындары жәрмеңкесінен кеңсе әкімшісін, күкіртсутегі бойынша техник, супервайзер, арнайы көлік (экскаватор) жүргізушісі мамандарын іздейді. Серіктестіктің кадрлар жөніндегі бөлімінің қызметкері Саяш Хасанованың айтуынша, компанияға күкіртсутегіден қорғану мәселесін білетін білікті мамандар қажет, әсіресе, ағылшын тілін білетін маманға есік ашық. «Квант» ЖШС-ға ағаш шеберін, дизайнер, технолог, экскаваторшы, бухгалтер, сантехник, ал «Орал трансформатор зауыты» ЖШС-на жұмысшылар, тран-сформатор құрастырушы, жүк  тиеуші қажет. «Электр энергетикасынан хабары бар, орта техникалық білімі бар мамандарды жұмысқа қабылдаймыз. 15 адам түйіндеме тапсырды. Жұмысқа қабылданған мамандарды оқыту курстарынан өткіземіз», - деді  компания өкілі Әсел Мұхитова.

«Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-ның өкілі жұмыс көлемінің өсуіне байланысты жұмысшы мамандықтарына, электроншылар, слесарь, металлург, станок операторы, фрезировшы және өзгесіне түйіндемелер қабылдады. «Бастысы, жұмыс тәжірибесі болса дейміз. Мұндай мамандарды жұмысқа қабылдамас бұрын әңгімелесуден өткіземіз, содан кейін  үш айға сынақ мерзімімен еңбек келісімшартын жасаймыз», - деді аталмыш компанияның кадрлармен жұмыс бөлімінің қызметкері Эльвира Қоңырова.

Сонымен, бұл жәрмеңке жұмыс істеймін дейтін адамға жұмыс табылатынын  анық  байқатты.

Соңғы жаңалықтар