Оралда бір қыста 500 шақырымды бағындырған 71 жастағы шаңғышы әйел тұрады
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында тұратын 71 жастағы Дина Сытдықова қыста шаңғы тепкенді жаны сүйеді.

Өзінің айтуынша, күн сайын дерлік Хан тоғайына келіп, 11 шақырымды шаңғымен жүріп өтуді әдетке айналдырған.
«1986 жылы Орал қаласына көшіп келгеннен кейін №19 орта мектепте математика пәнінен сабақ бердім. Сонда оқушыларыммен демалыс сайын шаңғыға шығатын едік. Кейін ұзақ жыл облыстық дарынды балаларға арналған ақпараттық технологиялар бойынша мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында жұмыс істедім. Зейнетке шыққаннан кейін қолым бос, қыста шаңғы тебуге келемін. Жазда гүл өсіремін, шағанға барып, суға шомыламын. Өткен жылы қыста 500, биыл 442 шақырым қашықтықты шаңғымен жүріп өттім. Бұрын аяғым сырқырайтын еді, қазір оны ұмыттым. Биыл қыс керемет, қатты суық та болған жоқ. Хан тоғайында барынша жағдай жасалған. Барша жұртшылықты табиғат аясында серуендеуге шақырамын», - дейді Д.Сытдықова.

Хан тоғайында Дина жұбайы Әлібек Бақтыгерейұлымен бірге жүр екен.
«Біз оған қоса күн сайын кешкісін орталық саябаққа барып, 5 шақырымдай жаяу жүреміз. Спортты серік еткен денсаулыққа пайдалы, сонымен қатар саламатты өмір салтын орнықтыруға септеседі. Қазіргі кезде лудоманияға, құмар ойынға салынушылықтың қаншама зардабы бар екендігі мемлекет деңгейінде айтылып жатыр. Бұдан жастардан бастап жасы ұлғайған адамдарға дейін қашық болуы керек. Өкінішке қарай, қонақтықтарда, әсіресе, әйелдердің құмар ойынға берілетіні қатты қынжылтады. Біз жас ұрпаққа дұрыс үлгі бере білуіміз қажет», - дейді Ә.Сытдықов.

Ерлі-зайыпты Дина мен Әлібек Сытдықовтардың қызы, қазақтың темір ханшайымы атанған Әнел – әйгілі Ла-Манш бұғазын жүзіп өткен әлемдегі санаулы спортшылардың бірі. Кейін ол АҚШ-та 48 шақырым қашықтықты да жүзіп өтті. Спорттық отбасында тәрбиеленген Әнел Сытдықова жүзу дағдысынан айырылған емес. Ол тың белестерді бағындыру жолында жаттығуда.
«Динаның биылғы қыста 440 шақырымды шаңғымен жүріп өткенін айтқанда, өз басым таңғалдым. Өзіміздің 200 шақырымдай жүргенімізді айтуға ыңғайсыздандым. Жалпы, спортпен шұғылданғанға не жетсін!», - дейді 71 жастағы қала тұрғыны Болат Камалов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық әйелдің 48 шақырым қашықтықты жүзіп өткенін жазған болатынбыз.