Оралда дәстүрлі Сорочин жәрмеңкесі болды
ОРАЛ. 11 қыркүйек. ҚазАқпарат - Оралда дәстүрлі Сорочин жәрмеңкесі бұл жолы қала орталығында, М.Ықсанов атындағы көше бойында ұйымдастырылды.
Күзгі жиын-теріннен соң бүкіл халықтың қуанышына айналатын жәрмеңкелер Украинада ХІХ ғасырдан кеңінен тараған.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен жәрмеңкеге келгендерді құттықтап, оның әр шаңыраққа ырыс-береке әкелуіне тілектестігін білдірді.
Биыл Оралда Сорочин жәрмеңкесі бесінші рет тойланып отыр. Оған Зеленов, Теректі, Бөрлі, Тасқала, Шыңғырлау аудандарынан украин ұлттық-мәдени орталықтарының өкілдері келіп, ұлттық дәм-тағамдарын ұсынды, концерттерін қойып жатты. Жергілікті ісмерлер қолынан шыққан бұйымдар да келушілерді бей-жай қалдырған жоқ.
Украин этномәдени орталығының төрағасы Виктор Тарасенконың сөзіне қарағанда, алдағы уақытта жәрмеңке аясын кеңейтіп, Ресей мен Украинада, Ақтөбе секілді көршілес облыстарда тұрып жатқан украин ұлтының өкілдерін шақыру ойластырылуда.