Оралда дін саласындағы әлеуметтік жарнама байқауының жүлдегерлері марапатталды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда «Әлемді бірге көркейтейік» атты әлеуметтік жарнама байқауының қорытындылары шығарылып, жеңімпаз-жүлдегерлер марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО дін істері басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығы ұйымдастырған байқауға негізінен жастар қатысты. Оларды аталмыш басқарма басшысы Талғат Нығметов Тәуелсіздіктің 25 жылдық торқалы тойымен құттықтап, жастардың діни жат ағымдарға ілесіп кетпеуі үшін осындай шараларды өткізудің қажеттілігін атап көрсетті.
Байқау қорытындысында «Үздік әлеуметтік баспа және сыртқы жарнама» аталымы бойынша Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің студенттері Бибол Серікқалиев пен Жанар Боспанова үздік атанды. Сондай-ақ «Үздік әлеуметтік ролик» аталымы бойынша да осы университетте оқитын Серікболсын Жексенбай бірінші орынды иеленді.
Жеңімпаз-жүлдегерлерге дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді.
Айта кетейік, бұдан бұрын БҚО дін істері басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығы Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру аясында «Руханият» шығармашылық байқауын биыл өңірде екінші мәрте ұйымдастырып, оның да жеңімпаз-жүлдегерлерін марапаттаған болатын. Оған қоса ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті 2016 жылы дін саласындағы мәселелерді жариялауда белсенділік танытқан республикадағы үздік журналистер қатарында Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінің тілшісі Ұлдай Сариеваның да еңбегін атап өтті.