Оралда «Дүрбі» атты жаңа аймақтық газет жарық көрді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында «Дүрбі» атты аймақтық қоғамдық-танымдық тәуелсіз газеттің алғашқы саны жарық көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оралда «Дүрбі» атты жаңа аймақтық газет жарық көрді

Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарына тарайтын басылымның меншік иесі - «Аруана-Жайық» қоғамдық қорының директоры, газеттің бас редакторы, «Ақпарат саласының үздігі» Ұлдай Сариеваның айтуынша, мұндағы басты мақсат - дін мәселелерін жан-жақты көтеру. Сонымен қатар әлеуметтік түйткілдер, тарих, ұлттық құндылық, ұрпақ тәрбиесі, салт-дәстүр, тіл мен діл, тылсым, жаратылыс, әдебиет және басқа тақырыптарда сыни және талдау мақалаларға дейін басылады. Оған қоса «Аруана-Жайық» қоғамдық қоры түрлі мұқтаж жандар мен жетімдерге қолұшын созу, деструктивтік діни ағымдардан зардап шеккендерге кеңес беріп, рухани және материалдық жағынан қолдау көрсету, қыз-келіншектер үшін жұмыс көзін ашу және басқа бағыттарда жұмыс жасамақ. Апталық газеттің бірінші нөмірі сегіз болып шыққанымен, бұдан кейін 16 бет болып басылмақ.

Газеттің алғашқы саны жарық көруіне байланысты болған басқосуда БҚО ішкі саясат басқармасының басшысы міндетін атқарушы Дархан Қадыралиев алдағы уақытта басылымға заң аясында қолдау көрсетілетінін жеткізді. БҚО дін істері басқармасының басшысы Талғат Нығметов, дін мәселелерін зерттеу орталығының басшысы Жарас Аханов Ұлдай Сариеваның бұдан бұрын да дін тақырыбын батыл қозғап, қаламы әбден төселгенін айтып, ортақ жұмысқа табыс тіледі. БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайыновтың атап өткеніндей, газеттің аты тауып қойылған. Яғни қоғам мен өмірдегі қалтарысы көп мәселелерді дүрбімен қарағандай, анық-қанығына көз жеткізіп, оқырман көңілі сенетіндей етіп терең қозғай білсе, мақсаттың орындалғаны.

Жиында сондай-ақ ҚМДБ БҚО бойынша өкіл имамы Руслан Сұлтанов, «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы төрағасының орынбасары Гүлнәз Құлжанова, облыстық орталық мешіттегі ақсақалдар алқасының төрағасы Нәдір Абдукаев және басқалар ұсыныс-пікірлерімен бөлісіп, қолдайтындықтарын білдірді. 

null