Оралда екі тұрғыннан 221 келіден астам марихуана тәркіленді
АСТАНА. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері есірткінің заңсыз айналымына қатысты екі деректі анықтап, 221 келіден астам марихуана тәркіледі, деп хабарлады Polisia.kz.
Жедел-іздестіру іс-шаралары «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Орал қаласында жүргізілген.
Бірінші жағдайда полицейлер 34 жастағы қала тұрғынын ұстады. Оның үйінің ауласынан екі үлкен қорап табылып, ішінен өсімдік тектес зат салынған 12 полиэтилен қап тәркіленді.
Сараптама қорытындысы бойынша, тәркіленген зат кептірілген марихуана болып шықты. Оның жалпы салмағы 198 келі 16 грамды құрады.
Екінші дерек бойынша, 45 жастағы Орал тұрғынының пәтерін тінту кезінде 23 келі кептірілген марихуана табылды.
– Осылайша, екі дерек бойынша заңсыз айналымнан жалпы салмағы 221 келіден астам марихуана тәркіленді. Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта есірткінің шығу тегі мен жеткізілу арналары анықталып жатыр. Өңірде есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес жалғасуда, – делінген полиция ақпаратында.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде полиция үш ер адамды ұстап, олардың бірінің үйінің шатырынан екі бөшкеге жасырылған 25 келіден астам марихуана тәркілеген болатын.