Оралда Екатерина Ларионова оқыған спорт-интернат жаңадан салынады
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернат ғимараты жаңадан салынады.
Бұл туралы бүгін осы мектептің жай-күйімен танысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Өңір басшысының айтуынша, жаңа ғимарат Оралға қарасты Деркөл кентіндегі «Орал» спорт кешені жанынан тұрғызылмақ. Онда қазіргі заманғы талаптарға сәйкес 300 орындық интернат, үлгі жобадағы спорт кешені орын теппек. Алдағы уақытта оны колледжге айналдыру ойластырылатын болады.
Спорт интернаттың қазіргі ғимараты өте тар әрі ескі. 1964 жылы балабақша ретінде салынған ғимаратта спорт интернат 2004 жылы ашылған болатын. Осы ғимаратқа қоса басқа спорт залдарды жалдау үшін бюджеттен жыл сайын 60 млн. теңгеге жуық қаржы жұмсалуда. Мұның тиімсіз екені белгілі. Оның орнына жаңа ғимарат салса, толығымен ақтайтыны сөзсіз.
Айта кетейік, спорт интернатта қазіргі кезде 236 бала тәрбиеленіп жатса, соның жартысынан астамы - аудандардан келгендер. Жағдайдың талапқа сай келмейтініне қарамастан, бұл спорт ордасынан әйелдер күресінен Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Екатерина Ларионова сынды саңлақтар түлеп ұшты.