Оралда екі адамның өмірін қиған жол апатын жасаған экс-депутат сотталды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда облыстық мәслихаттың бұрынғы депутаты Қайдар Қощановқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орал қалалық сотынан түскен мәліметке қарағанда, Қ.Қощанов ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылды. Оған 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырумен бірге 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Дегенмен ҚР ҚК 63-бабы қолданылып, жаза шартты деп танылды.
Қ.Қощановқа аталған мерзімге пробациялық бақылау орнатылып, арнайы органның рұқсатынсыз тұрғылықты мекенжайын өзгертпеу, көңіл көтеру орындарына бармау міндеттері жүктелді.
Сот талқысында белгілі болғандай, «Болашақ-Т» ЖШС директоры Қ.Қощанов өткен жылдың 29 наурыз күні шамамен сағат 08.40-та «Тойота Ланд Крузер 200» көлігімен Самара-Шымкент жолы мен Жәңгір хан көшелерінің қиылысында, «ҚазМұнайГаз» жанар-жағар май құюстансасы тұсында басты жолға шығып кеткен. Соның салдарынан басты жолмен келе жатқан 1995 жылғы Вячеслав Лопухин айдаған «Лада 21703» көлігімен түйісуге жол берген. Содан кейін шығыс бағытта келе жатқан 1994 жылғы Мизам Малошев айдаған«Ауди» көлігіне соғылған.
Жол апаты салдарынан В.Лопухин мен сол көлікте болған 1954 жылғы Н.Кондрашкина облыстық клиникалық ауруханаға жеткізіліп, сонда көз жұмды.