Оралда екі автокөлік соқтығысып, жүргізуші қаза тапты
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда екі автокөлік соқтығысып, жүргізуші қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО Полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің мәлім еткеніндей, оқиға 20 наурыз күні шамамен сағат 19.45-те болды.
Оның сөзіне қарағанда, «ВАЗ-2110» автокөлігі Деркөл ауылы жақтан келе жатып, «Октан» жанар-жағар май құю стансасы тұсында Саратов жолына бұрылар тұста қарсы бетке шығып кеткен. Сөйтіп «Газель» автокөлігімен түйіскен.
«Жол апаты салдарынан «ВАЗ-2110» автокөлігінің жүргізушісі оқиға орнында қаза тапты. Қазіргі кезде ҚР ҚК 345-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», деді Б.Белгібеков.

БҚО ТЖ департаменті баспасөз қызметінің нақтылауынша, құтқарушылар «ВАЗ-2110» автокөлігінен қайтыс болған адамды шығарған. Сондай-ақ жол-көлік оқиғасы салдарынан жанар-жағар май төгілген. Сондықтан апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құтқарушылар (2 техника, 11 адам) өз қызметтерін атқарды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда бірнеше автокөлік соқтығысып, жүргізуші жарақат алғанын, бірнеше бағыттағы жолдың жабық екендігін жазған болатынбыз.