Оралда «Ел іші - өнер кеніші» атты республикалық телевизиялық байқауының облыстық кезеңі мәреге жетті

ОРАЛ. 20 маусым. ҚазАқпарат - Орал қаласында «Ел іші - өнер кеніші» атты республикалық телевизиялық байқауының облыстық кезеңі мәреге жетті.

Оралда «Ел іші - өнер кеніші» атты республикалық телевизиялық байқауының облыстық кезеңі мәреге жетті

Облыстық  халық шығармашылығы орталығынан түскен мәліметке қарағанда, «Ел іші - өнер кеніші» байқауы аясында алдымен облыстық қазақ драма театрында 18 маусым күні өткен «халықтық» және «үлгілі» атағы бар би ұжымдары арасындағы облыстық би фестиваліне қатысқандар ішінен үздіктері іріктеліп, байқаудың екінші айналымына, гала-концертке жіберілді. «Ақжайық» футбол клубының стадионында болған гала-концерттен кейін қазылар алқасының шешімімен халықтық «Ақжайық» би ансамблі (жетекшісі Әсел Дәулетова) жеңімпаз атанса, үлгілі «Қызғалдақтар» (Райхан Қожекешева) және «Назерке» (Айнұр Мұқанғалиева, Бөрлі ауданы) би ансамбльдері екінші орынды бөлісті. Халықтық «Керім-ай» (Қарлығаш Қадырбекова, Қаратөбе ауданы) және «Қарлығаш» (Мейрамгүл Дүйсенғалиева, Қазталов), сондай-ақ үлгілі «Сымбат» (Ләззат Құбаева, Ақжайық) би ансамблі үшінші орынға ие болды.

Сондай-ақ 19 маусым күні облыстық қазақ драма театрында бейнелеу және сәндік қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесі қойылып, өңір көркемөнерпаздарының гала-концерті болды.

Қазақстанда кең ауқымда өтіп жатқан шараның басты мақсаты - халық өнерін насихаттаумен бірге ел ішінен жүзден жүйрік шыққан үздіктерді анықтау. Қазылар алқасына төрағалық еткен белгілі әнші-композитор, Қазақстан халық әртісі Алтынбек Қоразбаевтың атап өткеніндей, үлкен сахналарда өнер көрсетуге лайықты таланттар Батыс Қазақстан облысында да бар. Би ансамбльдері мен дәстүрлі әншілерге қоса республикалық, халықаралық байқауларда көзге түсіп жүрген жаңақалалық Ербол Ақбасовты айтуға болады.

Аталмыш өнер додасында бәйгеден келгендер қараша айында Астана қаласында өтетін республикалық байқауға қатысатын болады.