Оралда елдік мереке Мемлекеттік Туды көтеруден басталды

ОРАЛ. KAZINFORM — Бүгін Орал қаласындағы Тұңғыш Президент алаңында 25 қазан — Республика күніне орай Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі өтті, деп хабарлайды БҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Оралда елдік мереке Мемлекеттік Туды көтеруден басталды
Фото: БҚО әкімінің баспасөз қызметі

Оған облыс әкімінің міндетін атқарушы Тілепберген Каюпов, құқық қорғау органдарының өкілдері, әскери қызметшілер, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Салтанатты рәсім Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталып, көк байрағымыз биікке көтерілді.

Оралда елдік мереке Мемлекеттік Туды көтеруден басталды
Фото: БҚО әкімінің баспасөз қызметі

Республика күні — еліміздің егемендік жолындағы тарихи таңдауын айшықтайтын, ұлттық бірлік пен мемлекеттілік құндылықтарын дәріптейтін мереке. 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-інің Мемлекеттік Егемендігі туралы декларация қабылданып, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына негіз қаланды.

Оралда елдік мереке Мемлекеттік Туды көтеруден басталды
Фото: БҚО әкімінің баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2022 жылы Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылды. Бұл шешім тарихи сананы жаңғыртып, елдік мұрат пен тәуелсіздік құндылықтарының маңызын арттыра түсті.

Биылғы мереке Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында аталып өтуде. Осы жылдар ішінде еліміз мемлекеттілігін нығайтып, қоғамдық өмірдің түрлі саласында маңызды жетістіктерге қол жеткізді.

Оралда елдік мереке Мемлекеттік Туды көтеруден басталды
Фото: БҚО әкімінің баспасөз қызметі

Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі патриоттық әндер шырқалған мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты.