Оралда ер адам домкраты тайып кеткен автобус астында қалды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Оралда ер адам автобусты жөндеу кезінде оның астында қалып, көз жұмды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Куәгерлердің сөзіне қарағанда, қайғылы оқиға Жәңгір хан көшесі бойында, Шаған өзенінен өтетін көпір мен Зачаган кенті аралығында болған. №2 бағытта жүретін автобус сынып қалып, оны жөндеуге маман шақырылған. Ер адам автобустың астында жатып, жөндеп жатқан кезде домкрат тайып кеткен.
Қазіргі кезде оқыс оқиғаның мән-жайы анықталу үстінде.
Еске сала кетейік, кеше кешкісін Оралда «Киа» автокөлігі «Саяхат» аялдамасында №43 бағытта жүретін автобуспен түйісіп, төрт адамның жарақат алғандығын жазған болатынбыз. Мұнда «Киа» көлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай, қарсы бетке шығып кетіп, автобуспен соқтығысуға жол берген.