Оралда ескек есуден Қазақстан жастар ойындары мәреге жетті
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында ескек есуден Қазақстан ІV жастар ойындары мәреге жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, Шаған өзенінде «Динамо» спорт базасы маңында өткен айтулы додаға Астана, Алматы қалаларынан, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Алматы, Оңтүстік, Шығыс және Батыс Қазақстан облыстарынан 120-дан астам спортшы қатысты.
Жарыстың бас төрешісі, ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Қайсар Нұрмағамбетовтің сөзіне қарағанда, жастар ойындарының қорытындысына сәйкес Қазақстан құрамасы жасақталатын болады. Содан кейін ескекшілер Румынияда өтетін жастар арасындағы әлем чемпионатына әзірленеді. Сосын Чехияда байдарка мен каноэдан ересектер арасында дүниежүзілік дода өтеді.
Жастар ойындарында оралдық ескекші, Рио олимпиадасына қатысқан Андрей Ергучев 200 және 500 метр қашықтықта алтыннан алқа тақса, 1 мың метрден мәре сызығын екінші болып қиды. Енді ол қос бірдей әлем біріншілігіне дайындалу үшін Беларусь елінде болатын жаттығу жиынына аттанбақ.