Оралда «Фольксваген» қоқыс таситын көлікке соқтығысып қалды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда қос автокөлік соқтығысып, бір адам жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға 7 шілде күні түс мезгілінде Зачаган кентіндегі Жәңгір хан көшесі бойында «Москвичи» жанар-жағар май құю стансасы тұсында орын алды.
«Фольксваген Пассат» көлігі тұрмыстық қатты қалдықтарды таситын көлікпен соқтығысқан. Соның салдарынан жеңіл автокөліктің жүргізушісі жарақат алды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, 1980 жылғы ер адам алдын ала мәлімет бойынша жабық бас-ми жарақатын алған әрі миы шайқалған. Сондай-ақ маңдайының оң жағынан жарақат алған, ол облыстық клиникалық ауруханаға жеткізілді.
Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталуда.