Оралда ғалым Николай Щербановтың 75 жылдығы аталып өтілді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде белгілі ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, «Құрмет» орденінің иегері Николай Щербановтың 75 жылдығына орай «Фольклор және әдеби өлкетанудың өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оралда ғалым Николай Щербановтың 75 жылдығы аталып өтілді

Конференцияны ашқан университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, академик Асхат Иманғалиев ғалымның өлке әдебиетін зерттеудегі еңбегі мол екендігін, көп жыл осы оқу орнында жемісті қызмет етіп, талай шәкірт тәрбиелегенін атап өтті.

Астанадан келген М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті қазақстандық филиалының профессоры, филология ғылымдарының докторы Татьяна Кривощапова, Ресей Жазушылар одағы орынборлық жазушылық ұйымының мүшесі, өлкетанушы-қаламгер Александр Ялфимов, сондай-ақ батысқазақстандық ғалымдар баяндама жасап, Николай Щербановтың өмірі мен еңбек жолы, ғылыми қызметі туралы жан-жақты әңгімеледі.

Конференцияда айтылғанындай, Николай Михайлович көршілес Орынбор облысында дүниеге келгенімен, бар өмірін Орал өңірінің әдебиетін зерттеу мен ұстаздық етуге арнады. Қырық жылдан астам уақыт бойы жоғары білім беру саласында қызмет еткен ол Орал педагогикалық институтының (қазіргі М.Өтемісов атындағы БҚМУ) танымал ғалымдарының бірі болды. М.Ломоносов атындағы ММУ-дың орыс халық ауыз әдебиеті кафедрасының аспирантурасында оқыған Н.Щербанов кандидаттық диссертациясын қорғады. Оралдық ЖОО-ның орыс тілі мен әдебиеті кафедрасына жетекшілік еткен ғалым фольклорлық-этнографиялық экспедиция ұйымдастырып, ауыз әбедиеті үлгілерін жинаумен бірге Никита Савичев, Валериан Правдухин секілді осы өлке жазушыларының мұрасын зерттеп, есімдерін жаңғыртуға мол үлесін қосты. Соның ішінде Н.Савичевтің Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісов туралы мұрағаттық деректер негізінде жазған еңбектерінің қазақ тіліне аударылуына да мұрындық болды. Оған қоса орыстың ұлы ақыны Александр Пушкиннің Оралда болған кезін зерттеп, үш бірдей кітап шығарды. Оралда А.С.Пушкин мұражайының,  университетте Абай мен Пушкин дәрісханаларының ашылуына ұйытқы болды. Өлең жазумен де айналысқан Ресей Жазушылар одағының мүшесі Н.Щербановтың таңдаулы туындылары көптеген әдеби журналдарда жарияланды. «2008 жылдың үздік оқытушысы» атанған ғалымның сол жылы шыққан «Уральск литературный» атты кітабы аса құнды еңбектерінің бірі еді. 150-ден астам ғылыми еңбек жазған Н.Щербанов «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Құрмет» орденінің, В.Правдухин атындағы әдеби сыйлықтың иегері атанды.  2011 жылы өмірден өткен ғалымның соңында мол мұра қалды.

Н.Щербановтың 75 жылдығына орай басқа да шаралар ұйымдастырылды.