Оралда ғасырдан астам тарихы бар газеттерге арналған көрме ашылды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО тарихи-өлкетану музейінде облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 101 жылдығына орай көрме ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ғасыр жасаған қос басылым» атты көрмеге облыстық газеттердің тарихына қатысты құнды жәдігерлер мен журналистердің тұтынған бұйымдары қойылған.
Көрменің ашылу рәсімінде қос облыстық, он екі аудандық газеттің басын біріктіріп отырған «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Рауан Сәбитов өңірдегі баспасөз тарихының тереңде жатқанын жеткізді.
Қазақ халқының болашағын ойлаған Шәңгерей Бөкеев, Бақытжан Қаратаев, Елеусін Бұйрин, Ғұмар Қараш сынды ұлт зиялылары 1911 жылы Бөкей хандығындағы Ордада «Қазақстан» газетін шығарғаны мәлім. Кейін осы басылымның жалғасы ретінде Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің редакторлығымен 1917 жылғы 28 шілдеден Ордада (қазір Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылы) «Ұран» газеті шыға бастады. Міне, облыстық газеттер бастауын осы «Ұраннан» алады.
Содан бері ғасырдан астам уақыт бойы патша көңілді оқырмандарының «көзі мен құлағына» айналып, сенімінен шығып келе жатқан облыстық «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттері қазіргі таңда да ақпарат саласында өз мақсат-міндеттерінен айныған емес.
«Орал өңірі» газетінде 1972-2002 жылдары қызмет атқарып, 11 жыл бойы бас редактор болған Мәжит Қайырғалиев қазіргідей рухани жаңғыру кезеңінде мұндай көрменің, әсіресе, жас ұрпақ үшін маңызы зор екендігін атап көрсетті.
«Көрмемен танысқан адамдар қос газеттің тарихына қаныға алады. Мұнда басылымның шығу тарихынан бастап тігінділері, онда қызмет атқарған журналистердің өмірдеректері, қолданған құралдары жинақталған. Бұл да - біздің тарихымыз», деді Қазақстанның құрметті журналисі М.Қайырғалиев.
Облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Ажар Берікқалиқызы өлкедегі баспасөз тарихына қатысты жәдігерлерді батысқазақстандық тұрғындардың бір ай бойы тамашалай алатынын мәлім етті.