Оралда Хадиша Бөкееваның 100 жылдығына арналған театрлар фестивалі мәреге жетті
БҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған үш жылда бір рет өтетін дәстүрлі өнер додасына барлығы 11 театр қатысып, бақ сынады. Олардың тоғызы халықтық театр болса, екеуі - драма үйірмесі.
Байқау қорытындысында Теректі аудандық «Дат» театры бас жүлдені жеңіп алды. Бұдан екі жылға жуық уақыт бұрын Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығының жанынан құрылған «Дат» театры осетин драматургы Георгий Хугаевтың шығармасы бойынша «Қара шекпен» әфсанасын (режиссері Жамбыл Заев) сахналады. Осылайша, халықтық атағы болмаса да, тәжірибелі театрлардан озып шықты.
Қазталов аудандық С.Садықов атындағы халықтық театры белгілі жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың «Бейбарыс Сұлтан» тарихи драмасымен (режиссері Данагүл Жұмабаева) бірінші орынға ие болды. Қазталов ауданы Жалпақтал ауылдық М.Ғұмаров атындағы халықтық театры Рей Кунидің «Тесік тиын» комедиясын (режиссері Шалқыма Меркулова) және Тасқала аудандық халықтық театры Нұрлан Хамидің «Хан Кене» тарихи драмасын (режиссері Жанар Бисенғалиева) қойып, екінші орынға көтерілді. Сондай-ақ Жәнібек, Қаратөбе аудандық халықтық театрлары мен Бөрлі аудандық «Мұрагер» театры үшінші жүлдені бөлісті.
Ерекше көзге түскен қатысушылар арнайы аталымдармен марапатталды. Атап айтқанда, теректілік Гүлмира Төлегенова «Көрермендер көзайымы», «Мұрагер» театры «Үздік декорация», жалпақталдық Ш.Меркулова «Үздік режиссер», сырымдық Айгүл Мәмбетқұлова «Ең жас актриса», қазталовтық Мерлан Нұролла «Ең жас актер», жалпақталдық Анар Мусина «Ең үздік әйел адам рөлі», теректілік Таңат Жексенбаев «Ең үздік ер адам рөлі» аталымдарына ие болды.