Оралда Иран-Ғайыптың театрлар фестивалі «Ән-Мұхит» драмалық дастанымен ашылды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған белгілі ақын-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халықаралық «Алаш» және тәуелсіз «Тарлан» сыйлықтарының иегері Иран-Ғайыптың (Иранбек Оразбаев) «Мәңгілік елдің алтын адамы» атты республикалық театрлар фестивалі өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Фестивальдің ашылу салтанатында Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов осынау өнер додасына Моңғолия, Македониядан, сонымен қатар еліміз қалаларынан келген мәртебелі меймандар мен театрлар ұжымдарына ризашылығын білдірді. Осы шара кезінде Македониядан келген антикалық драма театрының актері, «Стоби - 2016» антикалық драма фестивалінің директоры Зоран Льтуков жуырда аталмыш өнер додасында Еврипидтің «Троя аруларымен» жеңімпаз атанған Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының ұжымына (директоры Қуаныш Амандықов) бас жүлдені табыс етті. Оған қоса сол спектакльді қойған тараздық танымал режиссер, Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымовқа «Ең үздік режиссура», Гекуба ролінде ойнаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театрдың көркемдік жетекшісі Бибігүл Есалиеваға «Ең үздік әйел образы» жүлдесі тапсырылды.
Содан кейін Иран-Ғайыптың театр фестивалі әрі Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының ХХІV маусымы «Ән-Мұхит» драмалық дастанының премьерасымен ашылды. Аталмыш шығарманы Иран-Ғайып халық композиторы, ақын әрі әнші Мұхит Мерәлінің 175 жылдығына арнап жазған болатын. ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Мұрат Ахманов пен театрдың бас режиссері Мұқанғали Томанов сахналаған спектакль алты алашқа ән оздырған атақты Мұхиттың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертеді. Мұхит бейнесінде сахнаға мәдениет саласының үздігі Мұсағали Бектенов шықса, Жамбыл Заев Әжігерей, мәдениет саласының тағы бір үздігі Теміржан Матаев Мұхтар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Есалиева Қырмызы, Айжан Қайырова Ақиістің ролін сомдады. Сол секілді Ақмарал Амандықова, Жылқыбай Жұбатов, Еркін Тасболатов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сердеш Қажымұратов, Самал Әбуов, мәдениет саласының үздігі Нұрлыгүл Жұбатова өз рольдерін алып шыға білді. Ал БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов пен өңірге танымал домбырашы Едіге Нәбиев қойылымға күйшілер ретінде қатысты.
Спектакль соңында туынды авторы Иран-Ғайып батысқазақстандық театр ұжымына ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, 27 қазанда мәреге жететін аталмыш фестивальге Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар және жасөспірімдер театры, Шығыс Қазақстан облысы Семейдің Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театры, Оңтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театры өз қойылымдарымен қатысуда.