Оралда иттің көмегімен жоғалған қыз табылды

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 23 желтоқсан күні сағат кешкі 20.00 шамасында «Солтүстік-Шығыс» шағынауданында И. деген азаматша үш жасар қызы жоғалғаны жөнінде құрамында кіші сержант Асхат Шалабаев, кинолог, сержант Бақтығали Әйкенов және қатардағы жауынгер Роман Рязанов бар топқа айтып, көмектесуін өтінген. Әйел Әбілқайыр көшесі бойындағы «Керуен» дүкеніне кіріп, заттарды қарап жатқан мезгілде кішкентай Ираданың шығып кеткенін байқамай қалған. Б.Әйкенов анасынан қыздың қолғабын алып, Шериф есімді итке иіскетіп, ізіне түскен. 15 минуттан кейін қызметтік ит кинологты Е.Орақбаев атындағы көшенің бойындағы 8-үйге алып келген. Қорыққан қыз жан-жағына қарап, сол жерде тұрған.
Қыздың анасы Индира Нұржанова Ұлттық ұлан жауынгерлерінің қырағылық көрсеткені үшін «Батыс» өңірлік қолбасшысы, генерал-майор Әлібек Серәлиевтің атына хат жазып, алғысын білдірді.
Аталған жауынгерлер әскери бөлім басшылығымен ынталандырылды.