Оралда қала күніне орай бірнеше нысан ашылды

Биылғы қала күнінің бір ерекшелігі, Назарбаевтың зияткерлік мектебі, бірнеше бақ, балалар спорт алаңдарымен қатар Абай алаңында шаһарға сән беретін биік тұғырлы сағат салтанатты түрде ашылды.
Түрлі ұлт өкілдері ұлттық киімдерімен көріністер қойып, шаһар көшелерін ән-күйге бөледі. Олар мерекеге келген қала қонақтарын ұлттық тағамдарын жайнатып, құшақ жая қарсы алды. Ж.Молдағалиев бағындағы, Достық даңғылынан Құрманғазы көшесіне дейін созылған түрлі көрмені облыс, қала басшылары мен меймандар тамашалады. Оқу орындары ұжымдары мен жекелеген қолөнер шеберлері бұйымдарын, жеке кәсіпкерлер өз өнімдерін жұртшылық назарына ұсынды.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, Орал - Қазақстандағы ежелгі де әсем қалалардың бірі. Қаланың өсіп-өркендеуіне ардагер аға ұрпақ қалай өз үлестерін қосса, кейінгі жастар да шаһарды одан әрі көркейтуге үлес қосуда. Келген қонақтар қаланың әдемілігіне сүйсініп, тазалығын мақтап жатады. Қазіргі таңда қаланың қай бұрышынан болса да жаңа ғимараттар бой көтеруде.
Абай алаңында қазақстандық және ресейлік эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт қойылса, қала алаңдарында мәдени шаралар жексенбі күні де жалғасын тапты.