Оралда қала күніне орай КТК сайысы өтті
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында қала әкімінің кубогына арналған КТК сайысы өткізілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
«Қазақстан КВН одағы» РЖҚБ президенті, республикалық «Жайдарман» әзілкештер мен тапқырлар сайысының жүргізушісі Ескен Елеукен тізгінін ұстаған жарысқа Атыраудан «Сағыз», Маңғыстаудан «Боранқұл», Астанадан «Тұран-Астана», «Энерго», Ақтөбеден «Жем-Сағыз», Оралдан «Грант», «КазИИТУ құрамасы», «Жаңа толқын», «Оян» командалары қатысып, бақ сынады.
Тапқырлар мен амфитеатрға лық толған халықты Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев құттықтап, игі тілегін жеткізді. «Қала күніне арнайы келгендеріңіз үшін алғысымды білдіремін, бәріңізге сәттілік пен табыс тілеймін», деді әкім.
Шараны ұйымдастырушы «Ғасыр» ЖҚБ төрағасы Болатбек Сахиевтің сөзіне қарағанда, мұндай сайыс жыл сайын қала күні қарсаңында өтеді. Биыл оған «Жайдарманға» қатысып жүрген белгілі командалар шақырылды. Айтқандай, амфитеатрға жиналған көрермен күлкіге аз кенелген жоқ. Сайыстың тақырыбы да қала күніне байланысты болды.
Жарыс қорытындысында маңғыстаулық «Боранқұл» командасы қала әкімінің кубогын жеңіп алды. Оралдық «Грант» екінші, атыраулық «Сағыз» командасы үшінші орынға ие болды.
