Оралда канадалық «Twin Otter Series 400» ұшағы таныстырылды (ФОТО)
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Канадалық «Viking Air» компаниясының «Twin Otter Series 400» ұшағы алыс аудандармен қарым-қатынасқа қолайлы. Бұл туралы аталған шағын ұшақтың Орал халықаралық әуежайында өткізілген таныстырылымында айтылды.
Компания өкілдері Дэвид Хит пен Уэйн Хендридің сөздеріне қарағанда, 19 орынға есептелген, қызмет көрсету түрі қарапайым ұшақ осыған дейін еліміздің Астана, Қарағанды, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында таныстырылған. Ұшақтың ерекшелігі сол, ол топырақ, су, қарға қона алады. Қазақстанның климаттық жағдайына қолайлы ұшақты бір пилот та жүргізе алады. Жаңартылған Series 400 түрі 2010 жылдан бері шығарылып келеді, осыған дейін 100 шамасында ұшақ дайындалған. Ұшақтың жаңа үлгісі АҚШ, Латын Америкасы, Еуропа, Орталық Азия елдерінде сатылуда. Қытай 50 ұшаққа тапсырыс берсе, Ресейде 12 лайнер ұшып көрген, тағы 10-ына ұсыным бар. «Бұл ұшақтар тек жолаушы тасымалдау ғана емес, сонымен қатар мұнайгаз, медицина саласында, адамдарды көшіру, десант түсіру, шекара мен мұнай құбырларын бақылау, жүк жеткізу мақсатында қолданылады. Аса қиын жерлерге де ұшып бара алады. Ұшақтың ішінде науқастарды жеткізу үшін барлық жағдай жасалған. Медициналық мақсатта бірден 8 адамды көшіре алады. Ұшақты сондай-ақ күзет, сейсмикалық мақсатта да пайдалануға болады», деді компания маркетинг бөлімінің директоры Дэвид Хит.
Таныстырылымға қатысып, ұшақпен көтеріліп көрген облыс әкімі Алтай Көлгінов аудандары шалғай орналасқан өңірлер үшін мұндай ұшақтың тиімді екендігін атап өтті. Мысалы, Бөкей ордасы, Жәнібек сынды облыс орталығынан 500-600 шақырым қашықтықтағы аудандармен әуе байланысын орнатуға болады. Бұл ұшақ жер талғамайтын болғандықтан, арнайы ұшып-қону жолақтарын салудың да қажеті жоқ. Сондықтан жан-жақты экономикалық талдау жасалып, инвестиция тартылатын болса, бұл өңір үшін ыңғайлы жоба болмақ.
Айта кетейік, аталмыш ұшақтың құны - 7 млн доллар.