Оралда қарды уақтылы тазаламағандарға 1,5 млн. теңгеден астам айыппұл салынды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында 2016 жылғы 1 желтоқсаннан бергі мезгілде аумақты қардан тазалау жөнінде 412 хабарлама жіберіліп, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 505-бабына сәйкес 63 әкімшілік хаттама толтырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Оралда қарды уақтылы тазаламағандарға 1,5 млн. теңгеден астам айыппұл салынды

Орал қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінен түскен мәліметке қарағанда, соның ішінде 1 млн. 590,750 мың теңге әкімшілік айыппұл салу жөнінде 25 қаулы қабылданды.

Биылғы жыл басынан бері ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 505-бабына сәйкес қаланы абаттандыру ережесін бұзуға қатысты 491 құқықбұзушылық анықталды.  477 азаматқа ескерту беріліп, 14 қаулы негізінде 646,665 теңге айыппұл салынып, соның 533,215 мың теңгесі өндірілді.

Соңғы күндері 17 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді.

Сондай-ақ аумақты қардан тазарту жөнінде 713, қаланы абаттандыру ережесін бұзуды жою жөнінде 587 хабарлама таратылды.

Айта кетейік, жергілікті полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдар өкілдерімен бірлесе отырып, өткен жылы қаланы абаттандыру ережесін бұзуды жою жөнінде тұрғындарға 9713 хабарлама таратты. 2016 жылы 1114 құқықбұзушылық тіркелді, бұл 2015 жылғыдан (867) 28,5 пайызға артық. Соның ішінде 1075 азаматқа ескерту беріліп, 1 млн. 338,351 мың теңге әкімшілік айыппұл салу жөнінде 39 қаулы шығарылды. Содан 596 мың теңгені құрайтын 11 айыппұл өндірілді (38,4 пайыз).