Оралда қаруды дұрыс сақтамаған бұрынғы әкімге үкім шықты
Орал қалалық сотынан түскен мәліметке қарағанда, Қайырғали Имашев ҚР ҚК 289-бабына (атыс қаруын ұқыпсыз сақтау) сәйкес айыпты деп танылып, оған 120 АЕК көлемінде 288,6 мың теңге айыппұл салынды.
Қ.Имашев сақтық жасамай, қару мен оқ-дәрі сақталған сейфтің кілтін қолжетімді жерге қалдырып, өзінің жеке шаруаларымен кетіп қалған.
Сол күні Қ.Имашевтің ұлына қонаққа келген кәмелетке толмаған Ерсайын А. қолына қаруды бірінші рет ұстағандықтан, оны қалай қолданатындығын білмегендіктен, абайсызда шүріппесін басып қалған. Оқ тағы бір жасөспірім Е.Ерғариннің мойнына тиген. Соның салдарынан ауыр жарақат алып, жұлынына зақым келген Е.Ерғарин облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылған.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын үйінде жасөспірімге оқ атылған Бөрлі ауданының бұрынғы әкімі Қ.Имашевқа қатысты істің қаралып жатқанын жазған болатынбыз.