Оралда кәріз коллекторындағы апатқа байланысты көше жолы жабылды

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында С.Тюленин көшесі мен Әбілқайыр хан даңғылы қиылысында орналасқан диаметрі 600 мм (темірбетон) кәріз коллекторында болған апатқа байланысты қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

кәріз коллекторы
Фото: ЖШС баспасөз қызметінен

«Батыс су арнасы» ЖШС-ның баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, осыған орай Әбілқайыр хан даңғылының У.Громова көшесінен бастап Желтоқсан көшесіне дейінгі аралығы уақытша жабылды.

– Барлық көлік түрінің қозғалысына шектеу қойылды. Қазіргі уақытта апатты жою мақсатында пайдаланушы ұйым дайындық және ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп жатыр, - деп хабарлады ведомстводан. 

Мекеменің хабарлауынша, сонымен қатар Солтүстік-шығыс-2 шағынауданында диаметрі 100 мм ысырманы ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Соған байланысты аталмыш шағынауданда 27, 9, 17, 17/1-үйде, № 26 «Тұлпар» және № 20 «Балбөбек» балабақшасына салқын су беру тоқтатылды. Мұндағы жұмыс шамамен бүгін сағат 16.00-ге дейін жалғасады. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласындағы сорғы станциясында апатты жағдай болғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар