Оралда кәсіпкерлер самбодан әлем чемпионына пәтер алып берді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда самбодан әлем чемпионы Нұрбол Серіковке екі бөлмелі пәтердің кілті табыс етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Ел намысын абыроймен қорғап жүрген саңлақ палуанға батысқазақстандық кәсіпкерлер осындай сый жасады.

Атап айтқанда, жалпақталдық Тұрарбек Тілемісов, Қайнар Есмұханов, Александр Қарағойшин, Әлібек Сартаев, Берік Құрманғалиев және Самат Хасанов Нұрболға өз қаражаттарына пәтер сатып алып берді.

Қазақстандық самбошы өткен жылы Румыния астанасы Бухарестте өткен әлем чемпионатында топ жарған болатын. Қазталов ауданы Ақпәтер ауылында туып-өскен оның алғашқы бапкері Жеңіс Стамғазиев болса, қазір Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Райбек Меңдіғалиевтің қол астында шыңдалуда.

«Жастар жылында маған осындай тарту жасаған жерлес ағаларыма алғысымды білдіремін. Бұл - мен үшін ерекше қолдау. Биылғы әлем чемпионаты 8-10 қарашада Корея астанасы Сеулде өтеді. Оған жолдама алу үшін бірнеше ірі халықаралық жарысқа қатысып, іріктеуден өту керек. Мысалы, наурыз айында Мәскеуде өтетін «А.Харлампиев мемориалы» әлем кубогы сайысына қатысқалы отырмын. Бірнеше күннен кейін Рязань қаласына аттанамыз. Онда жаттығумен бірге Ресей, Грузия, Украина, Армения, Беларусь палуандарымен шеберлік алмасамыз. Сәуірде Семейде Қазақстан чемпионаты өтеді, одан кейін Азия біріншілігі де бар. Ең бастысы, байрақты бәсекелерде табысты өнер көрсетіп, еліміздің көк байрағын желбіретсем деймін», -деді ҚазАқпарат тілшісіне Нұрбол Серіков.

Еске сала кетейік, біз бұдан бұрын Н.Серіковтің әлем чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар