Оралда кәсіпорынға 11 млн. астам теңге залал келтірген азамат сотталды

Департаменттің баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, аталған азамат 2008 жылғы шілдеде, тергеу барысында анықталмаған тұлғалармен қылмыстық ымыраласуға келіп, «Ақтөбе-Әлем» ЖСШ-нің тіркеу құжаттарының көшірмелерін иемденіп алған. Кейін өзін аталмыш ЖШС-нің директоры деп таныстырып, Атырау қаласындағы «КФ Титан Металл» ЖШС -нің өкіліне металл жаймаларын алу жөнінде «Ақтөбе-Әлем» ЖСШ-нің атынан өтінім берген. Ұсынылған құжаттардың негізінде металл жаймаларын жеткізу жөнінде келісім жасалып, Е.Әбуев Орал қаласындағы «КФ Титан Металл» ЖШС-не келіп, қоймадан жалпы сомасы 11 млн. теңгеден астам 61 370 кг. металл жаймаларын алған. Бұдан соң металл жаймаларын Атырау қаласына шығарып, қылмыс жасаған орнынан бой тасалаған. Е.Әбуевтің қылмыстық іс-әрекетінің нәтижесінде «КФ Титан Металл» ЖШС-ге көрсетілген сомаға материалдық шығын келтірілген.
Орал қалалық соты Е.Әбуевті ҚР ҚК 177-бабы 3-бөлімі «б» тармағы бойынша кінәлі деп танып, шартты түрде 5 жылға бас бостандығынан айыруға, 3 жыл сынау мерзімін белгілеуге үкім етті.
5,5 млн. теңгенің мүлкін тұтқындау жолымен келтірілген шығын ішінара өндіріліп алынды.