Оралда қазақ күресінен «Орал барысы» жарысы мәреге жетті

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесіне орай Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында қазақ күресінен «Орал барысы» жарысы мәреге жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Оралда қазақ күресінен «Орал барысы» жарысы мәреге жетті

Сайысты ұйымдастырған әрі оның бас төрешісі Артур Шерғалиевтің айтуынша, дәстүрлі жарысқа Орал қаласынан барлығы 12 палуан қатысып, бақ сынады. Қорытындысында Бақтияр Ибрагимов жеңімпаз атанып, 50 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды. Екінші орынға көтерілген Сұңғат Махамбетовке домбыра, үшінші жүлдені еншілеген Дамир Рамазановқа қамшы табыс етілді.

Енді Б.Ибрагимов пен С.Махамбетов алдағы сәуір айында өтетін «БҚО барысына» қатысып, «Қазақстан барысы» турнирінің жолдамасын иелену үшін күш салады.