Оралда қазақ күресінен республикалық турнир мәреге жетті
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында қазақ күресінен «Жайықтың арыстары - қазақтың барыстары» атты республикалық турнир мәреге жетті.
Осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырған аталмыш жарыс қазақ күресінен Қазақстанның 1939 жылғы тұңғыш түйе палуаны Еңсеп Досқалиев (1905-1944), самбодан 1989 жылғы әлем чемпионы, әлем кубогының иегері (1988), Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Асқар Шайхиев (1963-2000) пен оның бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, спорт қайраткері Батыр Қуанышев (1954-2004), қазақ күресінен БҚО-ның бірнеше мәрте түйе палуаны Оралбек Қожагелдин (1964-1999) және самбо мен қазақ күресінен ел чемпионы Қайрат Әбдірахмановты (1969-2004) еске алуға арналды.
Турнирдің бас төрешісі Артур Шерғалиевтің айтуынша, айтулы бәсекеге Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік және Батыс Қазақстан облыстарынан барлығы 32 палуан қатысып, «өгіз палуан» және «түйе палуан» атану үшін сынға түсті. Жарыс қорытындысында Бөрлі ауданынан келген Олжас Сүлейменов «түйе палуан» атанса, қызылордалық Нұрым Сәлімгереев екінші, тағы бір бөрлілік Ерназар Хамзин үшінші орынды иеленді. Оларға сәйкесінше 300 мың, 150 мың және 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар табыс етілді. 90 кг салмақта оңтүстікқазақстандық Ақылбек Сағидуллаев топ жарып, «өгіз палуан» атағына ие болса, қызылордалық Жайдарбай Есенов екінші, Сырым ауданының өкілі Айбол Оразғалиев үшінші орынға көтерілді. Оларға да ақшалай сыйлықтар тапсырылды.