Оралда кемпингте өрт болып, оттегі баллондары шығарылды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында «Хазар» кемпингінде өрт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері Сағдат Әнестің мәлім еткеніндей, оқиға 9 қаңтар күні Жәңгір хан көшесі 91-мекенжайында болды.

Сағат 03.14-те кемпинг аумағында орын тепкен екі қабатты шиномонтаж ғимаратында жеке заттар, пластикалық терезе рамалары, тұрмыстық техникалар жанып кетті.
Өрт аумағы 44 шаршы метрді қамтыды.
Өрт сөндірушілердің ұтымды іс-қимылы нәтижесінде оқиға орнынан 4 оттегі, 4 пропан және фреоны бар 14 баллон (хладагент) шығарылды.
«Тілсіз жау» департамент күшімен (7 адам, 3 техника) сағат 04.38-де ауыздықталды.
Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, келген шығын анықталу үстінде.


