Оралда қылмыс жиі тіркелетін кафенің қызметі тоқтатылды

ОРАЛ. KAZINFORM — «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Орал қалалық полиция басқармасы қоғамдық тәртіптің жай-күйіне талдау жүргізіп, құқық бұзушылықтар жиі тіркелетін ойын-сауық орындарын анықтады.

Кафе с многочисленными нарушениями закрыли в Уральске
Фото: Kazinform / ЖИ

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, солардың бірі «Жеңіс» шағынауданында орналасқан, таңғы сағат 06.00-ге дейін жұмыс істейтін SKY кафесі екендігі белгілі болды.

Жыл басынан бері аталған кафеге түнгі және таңғы уақытта полицияның 102 қызметіне 70-ке жуық шақырту түскен. Сонымен қатар дәмханада 10 қылмыс, бірнеше әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген.

Осы деректерді ескере отырып, Орал қалалық полиция басқармасы тиісті органдарға бірлескен тексеру жүргізу туралы ұсыныс жолдады.

- Нәтижесінде қалалық төтенше жағдайлар және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының өкілдерімен бірге тексеру жүргізілді. Соның барысында бірқатар заң бұзушылық анықталып, кафенің қызметі тоқтатылды, - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да «Жария» қоғамдық бірлестігіне қатысты алаяқтық бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын жазған едік.