Оралда кісі қағып, қашып кеткен жүргізуші ұсталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда автокөлігімен адамды қағып кетіп, оқиға орнынан бой тасалаған жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оралда кісі қағып, қашып кеткен жүргізуші ұсталды

БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 29 маусым күні сағат 02.20-да белгісіз жүргізуші автокөлігімен М.Шолохов пен С.Тюленин көшелерінің қиылысында реттелетін жаяу жүргінші жолымен өтіп бара жатқан 1984 жылғы Ш. деген азаматты қағып кеткен. Соның салдарынан Ш. оқиға орнында көз жұмса, жүргізуші қашып кеткен.

Автокөліктің маркасын анықтауға бейнебақылау камерасы мүмкіндік берді. Іздестіру жұмыстары нәтижесінде осы оқиғаға қатысы бар Б. деген азамат ұсталып, ол кінәсін мойындады. Жүргізуші автокөлігін басқа үйдің ауласына жасырып қойған.

Қазіргі кезде автокөлік арнайы тұраққа қойылып, Б-дан ешқайда кетпеу жөнінде қолхат алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Айта кетейік, жыл басынан бері жол-көлік оқиғасы орнынан бой тасалағаны үшін 236 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.