Оралда қызды ұрған ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында ер адамның қызды ұрып-соғып жатқаны түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіде таралды.

полиция
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Ондағы ақпаратқа қарағанда, оқиға Оралдағы клубтардың бірінде болған. Бейнежазбада ер адамның қызды ұрғаны, содан кейін бетіне ыдысты лақтырғаны көрінеді.

Осыған байланысты Kazinform тілшісі БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласқан еді.

Департаменттің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталған дерек бойынша ҚР ҚК 109-бабына (ұрып-соғу) сәйкес қылмыстық іс қозғалған. 

— Бейнежазбада көрсетілген ер адам ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жалғасуда. Тергеу барысы Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды, — делінген ресми жауапта.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда тойдағы жанжалға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын жазған едік.