Оралда қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Астана күніне орай Оралдағы Д.Нұрпейісова көшесі бойында «Ақжайық - шеберлер қаласы» атты қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Облыс пен қала басшылығының қолдауымен БҚО Азаматтық альянсы ұйымдастырған көрмеде елуден астам қолөнер, мүсін және қылқалам шеберлері өз туындыларын ұсынды.
Аталмыш альянс жетекшісі Айгүл Түркинаның айтуынша, шара мақсаты - Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес ұлттық өнерімізді насихаттап, ел ішіндегі шеберлерді көпшілікке таныту. Көрмеге ат әбзелдері, түрлі картина, құмыра, көрпе-көпшік, бесіктерден бастап моншақ, сырға, сақина, зергерлік туындыларға дейін қойылған. Бұлардың бірқатары ЭКСПО-2017 көрмесі қонақтарының назарына ұсынылатын болады.
Көрмеге М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, облыстық тарихи-өлкетану музейі, облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығы секілді мекемелер де белсене қатысып, келушілерді өз өнімдері, коллекция, жәдігерлерімен таныстырды.
Болашақта Арбат деп аталатын осы жерде мұндай көрмелерді жиі ұйымдастыру көзделуде.





